×

Рыбакина кезекті жарысын жеңіспен бастады (ВИДЕО)

Испанияның Мадрид қаласында WTA 1000 турнирі басталды

 Дастан Жұмабекұлы 26.04.2024 | 16:53
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Әлемнің төртінші және Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Испанияның Мадрид қаласында басталған WTA 1000 турнирінің үшінші кезеңіне шықты.

Екінші кезеңде Рыбакина Италия өкілі Лючия Бронцеттиді екі сетте 6:4, 6:3 есебімен жеңді. Бронзетти бірінші айналымда Францияның теннисшісі Варвара Грачевадан 6:3, 6:3 есебімен басым түскен еді.

Енді отандасымыз 1/16 финалда Украинаның спортшысы Лена-Марта Костюкпен немесе мысырлық Маяр Шериф Ахмед Шерифпен сынға түседі.

Еліміздің тағы бір теннисшісі Анна Данилина Португалияның Оэйраш қаласында өтіп жатқан ITF W100 турнирінің жартылай финалына шықты.

Жарыстың үшінші ракеткалары болып тіркелген Данилина мен нидерландтық Бибиана Схоофс алғашқы айналымда румыниялық Ирина Барэ мен Кристина-Андреа Митуді 6:2, 6:2 есебімен жеңді. Содан кейін Анна Данилина мен Бибиана Схоофс ширек финалда португалиялық Ана-Филипа Сантос пен испаниялық Люсия Кортез Йорктен 6:3, 6:1 есебімен басым түсті.

Бұл матч бір сағаттан астам уақытқа созылды.

Анна Данилина мен Бибиана Схоофстың жартылай финалдағы қарсыластары кейін белгілі болады.

Сонымен бірге Қытайдың Шэньчжэнь қаласында жалауы желбіреген челленджер турнирінде Денис Евсеев ширек финалға шықты. Ол екінші айналымда әлемнің 262-ракеткасы, аустралиялық Филип Секуличпен ойнады. Матч тартысты болды. Бірінші партияда Евсеев тай-брейкте сәтті ойнап, 7:6 (7:3) есебімен, екінші сет 6:3 есебімен жеңді. Енді ол жартылай финалға шығу үшін әлемнің 223-ракеткасы, эстониялық Марк Лаял немесе рейтингте 253-сатыдағы ұлыбританиялық Артур Феримен кездеседі.

Дмитрий Попко АҚШ-тың Саванна челленджер турнирінің ширек финалына жолдама алды. Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 248-орында тұрған америкалық Этан Куинның мысын басты. Бірінші партияда Попко 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде Куинн қарымта қайтарды. Есеп – 7:5. Шешуші үшінші сетте Попко 6:3 есебімен жеңді.

Дмитрий Попко жартылай финалға шығу үшін рейтингте 252-сатыдағы нидерландтық Гийс Брувермен күш сынасады.

Тимофей Скатов Чехияның Острава қаласында басталған «Челленджер» сериясы турнирінің ¼ финалында жергілікті теннисші Зденек Колардың алаңға шықпауына байланысты жартылай финалға жолдама алды. Ол ½ финалда германиялық Генри Сквайермен ойнайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама