×

Жұқпалы ауру тарамас үшін 6 мыңнан аса нысанға дезинфекция жасалды

Табиғи апат кезінде 480-ге жуық әйел босанған

 Дәурен Ерболат 06.05.2024 | 16:20
Фото: mosgss.info

Су тасқыны басталғалы бері 6 мыңнан аса нысанға дезинфекция жасалды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразәлиева айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгінде жұқпалы ауру тарамас үшін санитарлық-эпидемиологиялық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Тасқын басталғаннан бері санитариялық, химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге 11 мыңға жуық ауыз су сынамасы зерттелді. Бүгін күш-жігерімізді эпидемиологиялық маңызы бар нысандарды дұрыс дезинфекциялауға бағыттадық. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің бақылауымен 6 мыңнан аса нысанға дезинфекция жасалды. Дәрігерлер мен санэпид қызметтің үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде инфекциялық аурулардың оның ішінде ішектің, уланудың өршуіне жол берілмеді. Барлық көрсеткіш қауіпсіз диапазонда, – деді Әйгерім Оразәлиева ОКҚ-да өткен брифингте.

Оның айутынша, табиғи апат кезінде эвакуацияланғандардың арасында созылмалы ауруы бар 1318 адам болған. Оларды дәрігерлер тексерген. Сондай-ақ тасқыннан зардап шеккендердің арасында 2805 адам психологиялық көмек сұраған.

Су басқан елді мекендерден 445 аяғы ауыр әйел эвакуацияланды. Жалпы 474 әйел сәтті босанды. Барлық ана мен сәби патронаждық қызметтің қамқорлығында. Су басқан аудандарда барлығы 4 мыңнан аса бала эвакуацияланды. Олардың ішінде 65 сәби амбулаториялық және стационарлық ем алып жатыр, - деді ресми өкіл.

Бұған дейін шамамен 49 мыңға жуық адам өз үйіне оралғаны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама