×

Су тасқыны: Арқалықтан 400 млн теңгеге 31 пәтер сатып алынды

Қаржы Үкіметтің қосымша резервінен бөлінді

 Дәурен Ерболат 30.04.2024 | 15:14
Фото: Halyq Uni

Қостанай облысында су тасқынының салдарын жоюға жергілікті бюджеттен шамамен 5 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Қостанай облысының әкімдігі қаржы басқармасы басшысының орынбасары Алма Жүсіпова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазір өңірде су тасқыны бойынша жағдай толық тұрақталған. Сондықтан әкімдік шығынды есептеп, залалды өтеуге кіріскен.

Бүгінде комиссияға 2 439 өтінім түсті. Жергілікті бюджеттен бұл мақсатқа шамамен 5 млрд теңге бөлінді. Алдымен бұл қаржы әлеуметтік төлемге жұмсалады. Содан кейін ақша су тасқынынан зардап шеккендерге, су шайып кеткен жолдарды жөндеуге, ауылдардағы жарықты қалпына келтіруге бөлінеді, - деді Алма Жүсіпова ОКҚ-да өткен брифингте.

Сондай-ақ өңірдегі тасқыннан зардап шеккен халыққа Арқалықтан 31 пәтер сатып алынған.

Бізге Үкіметтің қосымша резервінен 405 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы толық игеріліп, Арқалық қаласынан 31 пәтер сатып алынды. Өңірдегі 1 100 үй тексерілді. Оның ішінде шамамен 700 үйді қалпына келтіруге болады. Оларға өтемақы төленіп, үйлері жөнделеді. 378 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Коммуналдық тұрғын үй қорынан үйлер беріледі. Баспана жеке сектордан сатып алынады. Сондай-ақ тағы 30 пәтердің құжаты дайындалып жатыр. Олар тасқыннан зардап шеккен Қостанай ауданының тұрғындарына беріледі, - деді Алма Жүсіпова.

Сондай-ақ Қостанай облысында тасқыннан 981 бас мал қырылған. Оның 806-сы бойынша өтемақы төленіп, 161 млн теңге шығын өтелген.

Бірыңғай әлеуметтік төлемге тоқталайын. 1 915 өтініш бойынша 739 млн теңге төлем төленді. Өтінім қабылданып жатыр. Өткен аптадан бастап материалдық шығын өтеле бастады. Бұған тұрмыстық техника, жиһаз және тағы басқа заттар кіреді. Алғашқы төлем (70,5 млн теңге) 20-дан аса өтінім бойынша төленді. Саяжайлар бойынша залал өтеліп жатыр. 2 900 саяжай тексерілді. Үкімет бекіткен талап бойынша, біржолғы төлем механизмі негізінде залал өтеледі.

 Біз түскен өтінімді ұзақ қарамаймыз. Бәрін уақытында тексереміз. Заңға сәйкес барлық өтемақы беріледі», - деді Алма Жүсіпова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама