×

Астаналықтар сұранысқа ие мамандықтарды тегін оқи алады

14 мамандық бойынша білім алуға мүмкіндік беріледі

 Дәурен Ерболат 06.05.2024 | 17:45
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

«JOLTAP» жобасы аясында елордалықтар сұранысқа ие мамандықтарды тегін оқи алады, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Бүгінде жоба аясында 2 мыңнан астам қала тұрғыны түрлі мамандық бойынша оқу курсынан өтті. Оқыту бағдарламасы еңбек нарығындағы сұранысқа сүйене отырып жасалған.

Оқу курсынан өтіп, жоба арқылы жұмыс тапқандардың бірі – 30 жастағы Төлеби Тұрсынбаев. Ол бариста мамандығын меңгерген.

Мен Астанаға Түркістан қаласынан келдім. Негізгі мамандығым – қаржыгер, дипломым бар. Бірақ ол салада жұмыс істемедім. Тек тұрмыстық техникаларды жөңдеумен айналастым. Бұл жоба туралы кездейсоқ білдім. Астанада жұрт көп жиналатын орындарда осындай пунктердің ашылып жатқанын көрдім. Бір күні жай қызығушылық танытып, онда кірдім. Ондағы қызметкерлер маған қандай мамандыққа оқуға болатынын түсіндірді. Осылайша, бариста мамандығын таңдадым, - деді ол.

Нәтижесінде Төлеби Тұрсынбаев дәмі тіл үйіретін кофе жасауды үйренген.

Сәуірде оқу курсы басталды. 5 күнде баристаның негізгі қызметін үйретті. Курста барлығы түсінікті болды. Ол біткен соң бірден жұмыс таптым. Әрине, алдымен сынақ мерзімі болды. Содан кейін ресми түрде жұмысқа тез орналастым. Шынымды айтсам, бариста болуды армандамадым. Бірақ өзімді кофеманмын деп айта аламын. Жалпы мұндай жұмыс менің көңіліме жақын. Себебі, мұнда жайлы және шығармашылық еркіндік бар, – деді ол.

«JOLTAP» жобасы аясында 10 мың адамды жаңа мамандыққа оқыту жоспарланып отыр.

Айта кетейік, қатысушылардың таңдауына 14 мамандық ұсынылады. Оқу бағдарламасы мамандыққа байланысты 2 аптадан 1 айға созылады. Жоба арқылы оқығысы немесе ақыл-кеңес, бағыт-бағдар алғысы келетін кез келген адам қаладағы жұрт көп жиналатын орындардағы «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерінде тегін кеңес ала алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама