×

Астаналықтарды алдаған алаяқ әйел ұсталды

Ол бұған дейін де ұқсас қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған

 Динара Амантай 06.05.2024 | 13:52
көрнекі фото: Halyq Uni

Астаналықтарға көлік бөлшектерін арзан бағада сатуға жалған уәде берген алаяқ әйел ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Қостанай қаласының 34 жастағы тұрғыны мобильді қосымша арқылы азаматтарды алдап кеткен. Жарнамалар сайтында әйел автокөлік бөлшектерін сату туралы хабарландырулар жариялаған. Онда көрсетілген бағалар нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен болған. Күдікті әлеуетті сатып алушылармен хат алмасуды жүргізіп, тауарға алдын ала төлем жасауды ұсынған. Төлемнің құны 20-150 мың теңге аралығында болған. Бейтаныс бикешке сенген азаматтар ақшасын оның бірнеше банктік шотына аударып отырғаны белгілі болды.

Елордалық полицейлер жедел-іздестіру шаралары барысында Қостанай қаласында бірқатар алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады. Тергеушілер оның тұрғылықты жерінен ноутбук, жеті телефон мен сим-карта тәркіледі. Бүгінге дейін полицияға алданып қалған 4 азамат хабарласқан, бірақ зардап шеккендер саны 30-ға жуық болуы мүмкін.

Әйелдің бұрын да осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Қазір қылмыстық іс қозғалып, күдікті полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама