×

Түркістан облысында 600 шақырымнан астам канал тазаланды

Бүгінде 13 бірдей каналда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 04.05.2024 | 12:25
Фото: gov.kz/Түркістан облысының әкімдігі

Түркістан облысында суару маусымында шаруаларды сумен қамтамасыз ету үшін 600 шақырымнан астам канал тазаланды, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігі.

«Қазсушар» мекемесінің Түркістан облыстық филиалы суару маусымына дайындық аясында өз қарамағындағы каналдардың 600 шақырымнан астам жерін механикалық әдіспен тазалады. Бұл жұмыс егіс алқаптарына су жеткізу сапасын жақсарту және каналдардың су өткізу мүмкіндігін арттыру үшін жасалады.

Бұдан бөлек, мемлекетаралық «Ханым» каналының 18 шақырымға жуық бөлігіне механикалық тазалау жұмысы жүргізіліп, 20 мың текше метр лай тұнбасы шығарылды, – делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметіне қарағанда, филиал қызметкерлері «Найман» каналының 7,5 шақырым бөлігін бетонмен қаптады. Ал Түлкібас ауданында 77 шақырымнан астам канал бетондалады. Бүгінде 13 бірдей каналда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, егіс алқаптарына қосымша ағын су қажет болған жағдайда «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналы арқылы Шардара су қоймасынан су алынады. Ағын суды машиналық әдіспен көтеру үшін мұнда 10 насос іске қосылуға дайын. Жалпы ұзындығы 29 шақырым болатын канал 86 700 гектар жерге су жеткізе алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама